Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры «Шымнан шуақ» атты гастрольдік сапары аясында ұлы ұстазы, театр өнерінің негізін қалаушы, режиссер, драматург Жұмат Шаниннің туған жері — қасиетті Баянауыл топырағына арнайы келіп, тағзым етті.
Өнер ұжымы сапар барысында жергілікті тұрғындармен және мектеп оқушыларымен кездесіп, театр тарихы мен шығармашылық бағыттағы мазмұнды әңгіме өрбітті.
Екі күн қатарынан ауылдағы Мәдениет үйінің сахнасында көрермен назарына драматург Сая Қасымбектің «Атжалман ғасыр» атты тарихи драмасы ұсынылды. Бұл қойылым ХХ ғасырдың зұлмат жылдарында қазақ интеллигенциясының көрген қасіретін, ел мен ұлт мүддесі жолында жанын пида еткен арда азаматтардың тағдырын бейнелей отырып, қазақ театр өнерінің көшбасшысы Жұмат Шаниннің өмірі мен күрес жолынан сыр шертеді. Көрермендер бұл спектакльден Жұматтай ұлы тұлғаның тағдыры арқылы тұтас бір ұлттың рухани тарихын, театр өнерінің қалыптасу кезеңін сезіне алды.
Сонымен қатар, гастроль барысында башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің ана мейірімін аңсаған жетім балалар тағдыры туралы «Тастамашы, ана!» атты әсерлі спектаклі сахналанды. Қойылым көрерменнің жүрегін тербеп, әсерге бөледі.
Баянауыл жұртшылығы екі спектакльді де зор ықыласпен қабылдап, актерлердің шынайы ойыны мен режиссерлік шешімдердің көркемдік деңгейіне жоғары баға берді. Сахна соңында зал толы көрермен тұрып қол соғып, ыстық ықыласын білдірді.
Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Әнуарбекұлы Ксентаев сахна төріне шығып, өнер ұжымына алғысын білдіріп, гастрольдік сапардың мән-маңызына жоғары баға берді. Ол өз сөзінде спектакльден ерекше әсер алғанын, қойылым барысында туған жердің перзенті, қазақ театрының көшбасшысы Жұмат Шаниннің бейнесі көз алдынан өткендей болғанын айтып, ұлт руханиятына қосқан зор үлесі үшін театр ұжымына ризашылығын білдірді. Әкім театр әртістеріне шығармашылық табыс тілеп, арнайы алғыс хат табыстады.
Гастрольдік сапардың келесі бағыты — Семей қаласы. Мұнда театр ұжымы ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Желсіз түнде жарық ай» сахналамақ.
Одан кейінгі сапарлар Екібастұз және Астана қалаларында жалғасып, шымкенттік әртістер көрермен қауымға түрлі жанрдағы спектакльдерін ұсынатын болады.
«Шымнан шуақ» гастролі — Шымкент театрының жаңа маусымындағы маңызды мәдени оқиғалардың бірі. Бұл сапар арқылы өнер ұжымы елдің әр өңірінде өнер көрсетіп, театрдың биік деңгейін, шығармашылық әлеуетін көрсетуді мақсат тұтады.
Театр труппасы гастрольдік сапарға қолдау көрсеткен Шымкент қаласы әкімдігіне және Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына шексіз алғысын білдіреді.